Еңбекшідегі еңселі той

SONY DSC Ұлыстың ұлы күні Наурыз тойы қарсаңында Мақан түбек маңында мерекелік шара өтті.  Ашық алаңқайға тігілген оншақты киіз үй, алтыбақан, түрлі безендірулер, ұлттық киім киген, атқа қонған ұл-қыздар – бұл Еңбекші округіндегі Наурыз мейрамының көріністерінің бірі болды. Шараны аудан әкімі Амангелді Барақатов құттықтау сөзімен ашып, ауыл тұрғындарына ақ тілегін жеткізді. Мерекелік шарада аудан әкімі Еңбекші ауылдық округінің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан кәсіпкерлер Нұрлыбек Хамитов пен Жаманқұл Өтемісовке ауданның Құрмет Грамотасын тапсырды.

  Алаңға жиналған тұрғындар шаттанып, қазақи ұлттық дәмдер мен тағамдарды арнайы дайындалған наурыз көже мен бауырсақтан дәм тұтып, қуанышқа бөленген болатын.

Сонымен қатар округ әкімі Қанат Ғаббасов ауыл тұрғындарын төл мерекемен шын жүректен құттықтап әлемдегі бар жақсылықты тілек етті. Ол Наурыз өткізуде іскерлік танытқан,  демеушілік жасаған округке қарасты мекеме, ұжым басшыларына, жұмысшы – қызметкерлеріне алғысын  білдірді.

Халықтың үлкен тойында ауылдың, шаруашылықтың биік нәтижелерге қол жеткізуіне мол еңбек сіңірген Харес Биляшев пен аудандық Мәслихат хатшысы Рафхат Сұлтанияев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Теміртас Елеусінов, ақын Таңатар Дәрелов және басқалары  да көктемнің тамаша тойымен жиналғандарды құзу құттықтап, округке, ауыл тұрғындарына тың табыстар тілек етті.

Құттықтаулар арасында ауыл  өнерпаздары ауық-ауық ән шырқап, би билеп, терме айтып, мерекенің мерейін тасытты. Алаңның шығыс бөлігінде ат құлағында ойнаған жігіттер теңге алып, жамбы атып, басқа  ұлттық ойын түрлеріне де шебер екендерін көрсетті.  Ұлттық ат ойындарын ұйымдастыруға “Аяз би” ауыл мәдениетін қолдау қоры демеушілік көмек көрсетті.

Мерекелік шара соңында ауыл ақсақалдарына арналып дастархан жайылып, табақ тартылды.

 Асқар Дүйсенғалиұлы